06 Мамыр, 2015

Ұлт жоспары. 5 реформа  және 100 қадам

393 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Алдан Смайл-2Елдіктің толағай тұғыры

Елбасы Қазақстан Респуб­ликасының Президенті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде қоғамның көптүрлілігі біздің әлсіздігіміз емес, күшті­­­лі­гіміз екеніне мән берген еді. Кең-байтақ отанымызда азамат­тардың бәрі түр-түсіне, тегіне қарамай мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуге тиіс. Ол үшін, әрине, жауапкершілік пен міндеттерді бірдей бөлісуі және атқаруы керек. Ал қуаттылықтың негізі – тұтастық. Ең алдымен, мемлекет құрушы қазақ ұлтының тұтастығы. Президент нақ осы бірлік жөнінде ұдайы толғанып келеді. Себебі, бұл бірлік жылдар бой­ғы қайшылықтармен және түсі­ністікпен орнықты. Өткен кезеңге көз салсақ, қазақ даласы талайлардың тағдыры тоғысқан, өз тағдыры да қиын бол­ған өлке екенін көреміз. Ұйғырлар мен дүнгендер ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қытай билігі жүргізген репрессия­дан қашып Шығыс Түркістаннан Орта Азия мен Қазақстанға (Жетісу өңіріне) қоныс аудара бастады. 1884 жылдың бас кезінде Жетісуға 9572 ұйғыр отбасы (45373 адам) және 1147 дүнген отбасы (4682 адам) қоныс аударды. Ресейден, Украина мен басқа да республикалардан Қазақстанға көшірілгендер саны 1936 жылға қарай 360 мың адамға жетті. 1937 жылдың соңына қарай Әзербайжан, Армения елдерінен Қазақстанға 1121 күрд, армян, түрік отбасы әкелінді. 1944 жылы Қалмақ АКСР-інен 99252 адам көшіріліп, солардың ішінен 2268 адам, яғни 648 отбасы Қызылорда облысына әкелінді. 1944 жылдың ақпан-наурыз айларында елімізге жалпы саны 406375 адамды құрайтын 89901 чешен және ингуш отбасы әкелінді. 1944 жылы Қазақстанға 25 мың адамнан тұратын 4660 балқар отбасы қоныс аударды. 1944 жылы Қырым АКСР-інен татар ұлтының 191044 өкілі көшірілді. Олардың 4501, яғни 1268 отбасы Қазақстанға жеткізілді. Бұлардан бөлек, осы науқан кезінде Қазақстанға 7 мыңға жуық болгар мен грек депортацияланды. 1944 жылы Грузияның Ахал­цих, Адиген, Аспиндз, Ахалкалак және Богданов аудандарында тұратын 115,5 мың адам айдалды. Солардың ішінен Қазақстанға жалпы саны 27833 адам немесе 6300 түрік отбасы жеткізілді. Сонымен, Кеңес өкіметі ор­на­ғаннан бастап 1936 жылға дейін Қазақстанға күштеп көші­рілген 360 мың адамға қоса 1937-1951 жылдар аралығында тағы да шамамен 800 мың неміс, 102 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 507 мың өкілі депортацияланды. Сондай-ақ, соғыс қарсаңында елімізге өндіріс құрылысы үшін 1 миллион 200 мың адам әкелінсе, Ұлы Отан соғысы жылдары әскери жабық нысандар 150 мың адамды қабылдады. Дәл осындай қырық ру елдің ынтымағын жарастыру қиын да мәртебелі міндет еді. Сол міндет тәуелсіздікке қол жеткен, рес­­­­пуб­­лика экономикалық қиын­дықтарды бастан кешірген кездерде күрделене түсті. Мемлекет құрушы халық ретінде қазақ ұлтының да, өзгенің де заман, қоғам және болашақ алдындағы жауапкершілігін күшейту қажет болды. Тарихты қозғаса, дәуірлердің сырын тарата білген, бүгінді қозғаса, алыс-жақынды аузына қарата білген қазақ тұлғасының бұл орайдағы пайымдары сондықтан да шыншыл әрі сыншыл. Президентше толғансақ: «Дауы таусылмайтын елдің – жауы таусылмайды». Рас қой. «Ғасырлар бойы бірде еркіндікке, бірде ездікке тартып келген екі мінез бүгінде бойымызда бар. Жақсы жағын ойдағыдай жалғастырып сезіне алмадық. Жаман жағынан біржолата безіне алмадық». Шындық қой. «Еңсесі биік елдікке есі кеткен топырақ шашады». Анық қой. «Ауызбіршілік жоқ жерде ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге асқан емес», – дей­ді Президент. Қиын тарихы­мыз талай рет дәлел­деген ақи­қат осы емес пе?! Аны­ғында ұлттық идеяның төресі – ұлттық тұтастық. Айналасына алғаш рет аң-таң қараған баладан, бұл өмірге таңданудан қалған қарияға дейін сүттей ұйытатын шындық бұл. Сол шындықты Нұрсұлтан Әбішұлы әр жылдарда тереңдете берген, ширықтыра берген. «Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес, ала алған емес, қазақ әлсіресе – алауыздықтан әлсіреген, күшейсе бірліктен күшейген», дейді. Ынтымақпен ұйыса жүріп жаңа ғасырда жаңа сапада тұлғалануға тиіс екенімізді қайта-қайта ескертеді. «Ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім керектігін», «рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алатынын» ұқтырумен болады. Тегінде Елбасы – туған хал­қын төл перзенті ретінде сәби жүрекпен, азаматы ретінде ар-на­мысымен, қайраткер ретінде ай­рықша жауапкершілікпен сүйген, елін бірлік пен ынтымаққа ұйытумен келе жатқан тұлға. Ал ынтымағы жарасқанның сөзі де өткір, өзі де өткір. Мұны түсініп тұрып түсінгісі келмей­тіндердің түпкі ниеті белгілі. Олар, қазақтың бас ақынынша айтқанда: «ел тыныш болса – азады, еліріп өле жазады». Мұндайлар іште де, сыртта да бар кезде, қай-қайдағыны қоздырмақ болғандар мен елдің тыныштығын тоздырмақ болғандар байқалып қалып жүргенде, ұлттық бірлік ертелі-кеш уағыздалса абзал. Президенттің: «Ел туралы жадағай ойлау да, халықтың тағ­дырымен ойнау да түбі жақ­сылыққа апармайды», – деген тағылымын тәлім ету Қазақтың әр азаматының парызы. Біз осы парызды жаңа жеңістен соң, Елбасының сайлаудағы ұлы жеңісінен соң бұрынғыдан да ерекше сезінуге тиіспіз. * * * Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мәңгілік Ел идеясын көтергеніне екі-үш жылдың жүзі болды. Елбасы оны Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры ретінде ұсынды. Халыққа биылғы Жолдауында сол ойын нақтылай түсіп, Мәңгілік Ел халықтың біріктіруші күші, ешуақытта сарқылмайтын қуат көзі екенін айрықша атап көрсетті. «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәңгілік Ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю, бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыс­тау... Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!» – деген болатын. Енді сол идеяның азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық культі, толеранттылық, шын берілген­дік пен патриотизм секілді құн­ды­лықтарын тарқатып беріп отыр. Бұлар баянды келешектің рухани тұғырлары. Келер ұрпаққа көр­­­кейген елді, тұрақтылықты мирас ететін күш-қуат әрі ұлттық мұрат. Ал осы мұратты бүгін, ертең және ғасырлар бойы қалай жүзеге асырамыз? Мәңгіліктің саяси тұғыры не? Рухани тірегі қайсы? Сірә да сарқылмайтын ұлан-ғайыр уақыттың ұзына бойында көнермеу үшін, өшпеу үшін, адамзатпен бірге жасай беру үшін мемлекет қандай мән-мазмұнға ие болуы керек? Дәл осындай сауал ертеде түркі аспанында қалықтаған. Ол кезең ата-бабаларымыз өздерін жоғарыда Көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, ортасында жаралған адам баласына бала­ды. Ол сондықтан үстем әрі мәңгілік болуға тиіс деп білді. Көкте түрік тәңірісіне, түріктің қасиетті жер-суына: «Түрік халқы жойылмасын, ел болсын» дегізді. Ал мұн­дай жойқын идеяны құдіреті күш­ті мемлекет қана көтере алатын еді. Тегінде мәңгілік дегеніміз – мемлекеттіктің жанартаудай қуатты рухани серпіні, елдіктің шырқау шыңына жетуі. Жаһанға жасқанбай қарай алған халықтың асқақ арманы. Осыған ден қойсақ, қазақ мем­лекеттігінің бастауы жарты әлемді билеген Ғұн империясына тұспа-тұс келсе, салтанат құрған кезі – Түрік қағанатының алтын ғасыры. Бумын қаған 552 жылы ту көтерген бұл қағанаттың шекарасы батыста Византияға, түстікте Персия мен Үндістанға, шығысында Қытайға дейін созылды. Мұндай айбынды мемлекет дәл сол тұста бірен-саран-ды. Ал алып елге ең қажеті ішкі бірлік болатын. Ол мәңгіліктің түпқазығы еді. Сондықтан даңқты қағандар, данышпан Тоныкөк аралық идеяны – «Тұтас түркі елі» идеясына ғұмыр берді. Дәл осы идеяның бұлжымай сақталуы үшін барын да, жанын да салды. Таққа отырған соң туған жерінің байырғы мәдениетінен алшақтап, Қытай мәдениетіне бет бұрған Қапаған қағанды 716 жылы Күлтегін билік­тен тайдырып, басын алды. Кім біледі, ғалымдар құн­ды­лығы жағынан атақты Орхон ескерт­кіштеріне теңеп жүрген Ұлы­таудағы Таңбалы тас осы кездің мұрасы шығар. Оның тұрған жері де ерекше. 47 метр тереңдіктегі аңғарда аумағы 6 шаршы метр жартас бар. Соған 445 рудың (тайпаның) таңбасы ойылған. Қарап тұрып өзіңнен өзің сұрайсың. Неге 445 тайпа? Оларды ортақ ойға ұйытып, этникалық белгілерін бір тасқа қашатқан қандай мұрат? Ұлытау неге таңдалды? Жауап біреу: бұл түркі қағанаты көксеген «Тұтас түркі елі» идеясын қолдаған тектес жұрттардың өзара пәтуасы, бөлінбеске берген анты. Соған сүттей ұйыған, Ұлытауды төрткүл дүниенің алтын төріне балаған көк түріктердің айнымас серті. Біз тарихтың осы тәліміне тағзым ете отырып, мәңгіліктің тірегі ұлттық ынтымақ, қазақтың ішкі бірлігі екенін ұдайы ескеруге тиіспіз. Біз Президенттің: «Мен қо­ғамда «Қазақ елінің ұлттық идея­сы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел!» – деген ұлағатын ұдайы басшылыққа алуға тиіспіз. Түйіп айтсақ, Мәңгілік Ел – шамшырақ идея. Осы орайда Мәңгілік Ел ­идея­­­сын «Қазақ елі» аралық идеясы­мен қатар қараған дұрыс дегіміз келеді. Елдің қазіргі «Қазақстан Рес­публикасы» деген атауы Конс­титуцияда бекітілген. Бұл атаудың «Қазақ Республикасы» болып қалыптасуы да мүмкін еді. Күні кеше КСРО құрамында Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­публикасы» деген атпен де жүрдік қой. Алайда, таңдау «стан» қосымшасына түсті. Оған соншалық қажеттілік тумаса да парламентшілер көпшілік дауыс­пен шешті. Асылында, «стан» сөзі қазақтың төл сөзі емес. Қоныс, мекен ұғымын беретін кірме сөз. Соған сәйкес «Қазақстан» біріккен сөзі – Қазақ мекені немесе қонысы түрінде қабылданады. Бұдан «стан» сөзін еркін алып тастауға болатынын көреміз. Тура мағынасында «Қазақ қонысы Республикасы» деген тіркестің саяси да, мағыналық та, әлеуметтік те мәні жоқ. Ендеше, ендігі таңдау «Қазақ Республикасы» немесе «Қазақ елі» болуға тиіс. Бұл – халықтың, ел зиялыларының талайдан айтып жүрген ұйғарымы. Президент ұсынысы көптің сол талап-тілегімен астасып жатыр. Назар аударатын мәселенің бірі – Республика сөзін таңдау­дың да халықаралық талап емес екен­­дігі. Ол – халықтың билігі мағынасын береді. Ал мұндай тұжырым, яғни ел билігінің үс­темдігі Конституцияда дәйек­тел­ген. Сондықтан қосымша үсте­мелеп атап көрсетудің қажеті жоқ. Осы тұжырымдарды дәлел­деуді қажет етпейтін ақиқат ­десек, Қазақ елі атану үшін бір­қа­тар ұлттық мәні зор биіктерге көтерілуге тиіспіз. Оның аса бір маңызды белесін Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында айқындап берді. «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстырған ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз». «Қазақ мемлекеті», «Қазақ елі» атауының егіз ұғымы. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Олардың тұғыры – тіл, қазақ тілі, мемлекеттік тіл. Президент қадап айтқандай, «Толыққанды тілсіз – толыққанды ұлт болуы мүмкін емес». Толыққанды ұлт­сыз – ұлттық мемлекет қалып­таспайды. Ұлттық мемлекет қана Қазақ елін тарих сахнасына шығарады. Бұл ақиқат тұжырымдар ел үкіметінен, барлық мемлекеттік билік құрылымдары мен саяси партиялардан қазақ тілін жалпы қазақстандық ортақ құндылық­­қа айналдыруда талап етеді. Қазақ тілін еркін меңгерген бір тұтас қауым – Қазақ елінің берік тұғыры. Біздің барлық іс-әрекетіміз, сондықтан елдегі ұлт өкілдерін Қазақ Елі атануға бейімдейтін қадамдарға арналуы керек. Алаштың әр азаматының бойында ұлттық сезім мен рухқа суарылған бауырмалдық қалыптасқаны абзал. «Әрқайсымызды елдің ме­рейін үстем ету үшін не істедім?» деген сауал сәт сайын мазалайтын болсын. Лауазым иелері, халықтың әрбір есті азаматы ұлттық әдебиет пен өнердің ұлағатына қанып, салт-дәстүріне сусындайтын және құрметтейтін деңгейге көтерілуі шарт. Түйіп айтқанда, жақсы мағынасындағы ұлтжандылық пен ұлттық намыс қажет. Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты.